Ақтөбе Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындыларын халықаралық форумда жариялады
Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындыларына арналған халықаралық форум өңір мен ел үшін маңызды оқиғаға айналды. Форум мемлекеттік органдардың, халықаралық сарапшылардың, колледждер басшылары мен оқытушыларының, сондай-ақ өңірдің ірі жұмыс берушілерінің басын біріктіріп, тәжірибе алмасуға, озық білім беру тәжірибесін талқылауға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше алаң ұсынды.
Бұл форум 2025 жыл бойы Жұмысшы мамандықтар жылының стратегиялық маңыздылығын айқындап, еңбек адамдарына ерекше көңіл бөлінген жыл екенін көрсетті. Өңірде сұранысқа ие мамандарды даярлау және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Педагогтар, студенттер мен жұмыс берушілердің бірлескен еңбегі кәсіби білім беруге жаңа серпін беріп, жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығы айтарлықтай артты.
Форумға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, ҚР Парламенті депутаттары, Білім министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Франция, Германия, Қытай және Жапониядан келген делегациялар қатысты. Шетелдік сарапшылар кәсіби білім берудегі халықаралық тәжірибелермен бөлісті және заманауи білім беру технологияларын енгізу тәжірибесін ұсынды.
Форум барысында Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева өңірдің 2025 жылғы негізгі жетістіктерін атап өтті:
«Студенттердің жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығы айтарлықтай өсіп отыр, және оның дәлелі ретінде жұмысшы мамандықтары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының екі есе артқанын айтуға болады. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледждердің материалдық-техникалық базаларын жаңартып жатырмыз, Жоғары политехникалық колледжде IT-хаб құрылысы басталды. Орта техникалық білім беру мекемелерінде жаңа мамандықтар ашылды, профориентациялық жұмыстар арқылы 48 мыңнан астам мектеп оқушылары қамтылды. 80 пайыздан астам түлектер профильді кәсіпорындарға сәтті орналасты».
