«Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету аясындағы тағылымды шара
11 ақпан күні колледжімізде «Заң және тәртіп» қағидатын насихаттау мақсатында «Кітап бетбелгілері емес» және «Хулиганка» қысқаметражды деректі фильмдері көрсетілді. Шараға колледж студенттері, колледж әкімшілігі, құқық қорғау органының өкілі, колледж психологы және ата-аналар қатысып, мазмұнды пікір алмасу ұйымдастырылды.
Фильмдерде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, буллинг, жауапкершілік, ата-ана мен қоғамның рөлі секілді өзекті мәселелер қозғалды. Көрсетілімнен кейін студенттер өз ой-пікірлерін ашық білдіріп, әсерлерімен бөлісті.
Студенттердің айтуынша, фильмдер олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, әр әрекеттің заң алдында жауапкершілікке әкелетінін терең түсінуге ықпал етті. Кейбір білім алушылар «Бір сәттік эмоция немесе ойланбай жасалған қадам болашаққа үлкен зиян келтіруі мүмкін» екенін атап өтті. Сонымен қатар, олар достық, сыйластық, тәртіп және өзін-өзі бақылау – қоғамда дұрыс жол таңдаудың басты кепілі екенін түсінгендерін жеткізді.
Құқық қорғау органының өкілі жастарға заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, құқық бұзушылықтың салдары туралы нақты мысалдар келтірді. Ал колледж психологы жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістердің алдын алу, эмоцияны басқару және қиын жағдайдан шығу жолдары туралы кеңестер берді. Ата-аналар тарапынан да тәрбиедегі жауапкершілік пен бақылаудың маңызы айтылды.
Фильмдердің тәрбиелік әсері ерекше болды. Олар студенттерді ойландырып қана қоймай, өз әрекеттеріне сын көзбен қарауға, болашаққа жауапкершілікпен қарауға бағыттады. Осындай шаралар жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырып, заңға құрметпен қарау дағдысын нығайтады.
Қорытындылай келе, бұл көрсетілім «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Жастардың саналы, тәртіпті, жауапты азамат болып қалыптасуына осындай тәрбиелік іс-шаралардың берері мол.
